Өзіңіз жұтатын ауаны тексеруге де мүмкіндік бар
Вы также можете проверить воздух, которым дышите 03.07.2019

Халықтың денсаулығының  жақсы болуы көп жағдайда өздері тұтынатын  өнімдердің,  қоршаған  ортаның  таза болуына байланысты.

Осы орайда халықтың өздері тұтынатын тағам түрлеріне, тұрмыстық техникалардың сапасына бейжай қарамауы маңызды. Тұрғындар арасындағы санитарлық — эпидемиологиялық салауаттылық пен сауаттылықты арттыру ісі де аса маңызды. Бұл ретте ҚР Ұлттық сараптама орталығының БҚО бойынша Филиалының  5 бірдей зертханасы халық игілігі үшін жұмыс жасайтынын атап өту керек. Тұрғындар кез  келген уақытта өздері тұтынған заттың, тағамның сапасына күдіктері болса талдау жасатуларына болады. Кез келген жағдайда шұғыл зертханалық талдаулар жасауға дағдыланған білікті кадрлармен қамтамасыз етілген Филиал зертханалары заман талабына сай. Біздің филиалда санитарлық-гигиеналық, радиологиялық, бактериологиялық, вирусологиялық зерттеулер қызметін атқарып, осы орайда дыбыстың тербелуін, жарық өрістерін өлшеуді  және адамдардың тіршілік ортасындағы  басқа да факторларды анықтайды.

ҚР ДСМ ҚДСК «Ұлттық сараптама орталығы» ШЖҚ РМК БҚО бойынша филиалы тағам өнімдерін, құрылыс материалдарын, балалар ойыншықтарын, ауыз сулар мен ағынды суларды, сондай-ақ парфюмерлік — косметикалық  өнімдерді  тексерістен өткізе алады. Ол үшін филиал замануи зертханалық  құрылғылармен жабдықталған. Сонымен қатар, мекемелерге өндірістік бақылаулар жүргізіліп, жұмыс орнын аттестациялау бойынша қызмет көрсетеді. Мекеменің ойдағыдай қызмет көрсетуі үшін, әрине, білгір мамандармен қоса, заманауи жабдықталған зертханалар қажет. Біздің  филиалда 2019 жыл басталғалы 141 323 түрлі зерттеу жүргізілді. Сол зерттеулердің ішінде 5124 — і  сәйкессіздік белгісін көрсетті. Жеміс — жидектердің құрамындағы зиянды заттарды (ауыр металлдар, нитраттар мен пестицидтер) – шұғыл анықтауға мүмкіндік беретін зертханаларымыз бар. Осы жылы жеміс жидек түрлеріне 499 талдау жасалды. Ет өнімдеріне жасалатын талдаулар аса маңызды. Бүгінгі таңда құс еті мен балық етіне қатысты күдікті сәттер тұрғындар арасында жиі туындайтыны жасырын емес. Біздің бактериологиялық лабараторияда құс еті мен құс еті өнімдеріне жыл басталғалы 37 зерттеу жүргізілгенін ескерсек, соның ішінде 2 сәйкессіздік көрсетті. Ал ет пен ет өнімдеріне 58 зерттеу жүргізілді, оның 6 сәйкессіздік көрсетіп отыр. Балық етіне қатысты сәйкессіздік  анықталмады. Сонымен қатар,   балалар ойыншықтарында  зиянды заттардың бар – жоғын анықтау ісіне де тәжірбиеміз жеткілікті. Атап айтсақ, ойыншық түріне қатысты 349 зерттеу жүргізілді. Оның  40 сәйкес емес.

Бактериология зертханасына сынама алу актісі бекітілген есептік формада жүргізіледі. Зертханаға түскен сынамалар қандай зерттеу түріне әкелінгендігіне байланысты сұрыпталынып, әдістемелік құжаттарға сәйкес зерттеу толық жүргізіледі. Бактериология зертханасы ішек жұқпаларының қоздырғыштарына, ауыз суларға,  жүзу хауыздарының сулары мен ашық су қоймаларындағы суларға талдаулар жасайды. Сондай-ақ, бактериологтар тағам өнімдерінен: сальмонелла, эшерихи, шигелла сияқты  ішек таяқшаларымен қатар тағамдық токсикоинфекцияларды зерттейді.

Қоршаған ортаның радиациялық жағдайы мен сәулелену деңгейін анықтайтын радиологиялық зертханасы тұрақты түрде бақылаулар жасап отырады. Бұнда радиациялық қауіпсіздікке, атап айтқанда, азық-түлік пен шикізат өнімдеріне, ауыз су мен су қоймаларына, құрылыс және жол құрылысы материалдарына, дәрі-дәрмек шикізаттарына, ағаш өңдеу өнімдеріне, жанармай шикізаттарына, минералды тыңайтқыштар мен радиоактивті өндіріс қалдықтарына, қорыту және қайта өңдеу кезіндегі қара металл сынықтарына, арнайы көліктер мен құрал-жабдықтардың радиоактивті ластануына бақылау жасалады.

Мамандарымыз Жәнібек, Казталов, Капустин Яр, Бөкейорда ауданары маңайларына жиі зерттеулер жүргізіп, арнайы маниторинг жасап отырады. Бүгінгі таңда ол аймақтарда жағдай қалыпты саналады. Топырақ, су, өзіміз жұтатын ауаның құрамын тексеру, оған талдау жасау барысына осы радиологиялық зертхананың алатын орны ерекше.

Вирусология зертханасының мамандары тұрғындар арасындағы жұқпалы ауруларды анықтау жолында қызмет етуде. Қан үлгілері бұл зертханаға қалалық емханалар мен жұқпалы аурулар ауруханасынан  жеткізіледі.

ҚР ДСМ ҚДСК «Ұлттық сараптама орталығы» ШЖҚ РМК БҚО бойынша филиалы тағам өнімдеріне,  суға,  атмосфералық ауаға және  жұмыс орынының ауасына, ойыншықтарға,  бактериялық және вирустық жұқпаларға (ЖІВЖ, тұмау, қызылша, қызамық, гепатиттер, менингит және ішек жұқпалары, паразитарлық аурулар)  талдаулар жасауға мүмкіндік беретін заманауи  құрал-жабдықтарымен қамтамасыз етілген.

Филиалдың 13 аудандық бөлімшесі бар. Олар БҚО аудандарындағы санитарлық — гигеналық ахуалды жіті назарда ұстап отыр деп айтуға толық негіз бар. Адамның денсаулығының мықты болуы, ұзақ өмір сүруі қоршаған ортаның тазалығымен байланысты. Қазіргі таңда адамдар арасынағы санитарлық сауаттылықты арттыру ісі өзекті. Әр тұрғын өзі ақша төлеп сатып алған өнімінің зиянсыз екеніне көз жеткізе алуы керек. Соны талап ете алатын сауаттылық қажет. Ал, біздің зертханалар  әрдайым талдаулар жасауға дайын.

Рахима АЛХАМҚЫЗЫ, ҚР Ұлттық сараптама орталығы БҚО филиалының директоры